Ондаған жолданымның орнына бір сервис: Қазақстанда кредиттер бойынша борыштарды реттеуге арналған платформа іске қосылады
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасын әзірледі. finkelisim.kz цифрлық платформасы медиация тәртібімен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша банк және микроқаржы омбудсмандары негізінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды.
Платформа кімдерге арналған?
Жаңа сервис бір уақытта бірнеше кредитор — банктер, микроқаржы ұйымдары не коллекторлық агенттіктер алдында тұтынушылық кепілсіз кредиттер, яғни мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.
Енді қарыз алушыға берешекті реттеу мәселелері бойынша әрбір кредиторға жеке-жеке жүгіну қажет болмайды. Ол finkelisim.kz платформасында олардың алдында міндеттемелері бар барлық кредитор қарайтын бір өтініш бере алады.
Медиатордың қызметтерін қоспағанда, қарыз алушының ұжымдық реттеу рәсіміне қатысуы тегін. Бұл ретте 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатордың қызметтеріне төленетін шығыстар банк және микроқаржы омбудсмандарының есебінен өтелетін болады.
finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинайды және жолданымды қарауға қажетті ақпаратты қалыптастырады.
Жолданымды қарау және кредиторлармен талаптарды келісу нәтижелері бойынша қарыз алушыға 5 жылға дейінгі мерзімге, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін.
Платформада кімдер өтініш бере алады?
Платформада өтінішті бір уақытта мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін қарыз алушы бере алады:
| ✓ | Екі және одан да көп кредитор алдында кредиттер бойынша 90 күнге және одан да астам күнтізбелік күнге созылған мерзімі өткен берешегі бар |
| ✓ | Кредиттер бойынша жиынтық берешек 150 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 648 750-ден 6 920 000 теңгеге дейін |
| ✓ | Берешек бойынша өндіріп алу туралы сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары және мәжбүрлеп өндіріп алудың өзге де шаралары жоқ |
Бұл ретте ұжымдық реттеу рәсіміне мынадай қарыздары бар қарыз алушылар қатыса алмайды:
| ✗ | Ипотекалық қарыздар |
| ✗ | Автокредиттер |
| ✗ | Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыздар немесе микрокредиттер |
| ✗ | Алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер |
| ✗ | Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызмет өткеретін қарыз алушыларға төлемдерді кейінге қалдыру берілген кредиттер |
| ✗ | Медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім қолданыста болған кредиттер |
| ✗ | Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылатын берешек |
Платформада қарыз алушының өтінішін қарау рәсімі қалай өтеді?
Ең алдымен қарыз алушы өзінің жеке басын растау және бөгде адамдардың өтініш беруін болдырмау үшін платформада тіркеуден, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Содан кейін ол берешекті реттеуге өтініш береді.
Бұдан әрі платформа кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушының ұжымдық реттеу шарттарына сәйкес келетіндігін автоматты түрде тексереді.
Егер қарыз алушы белгіленген шарттар мен өлшемшарттарға сәйкес келсе, платформа реттеу аясына енгізілуі мүмкін кредиттер тізімін жасайды және бұл ақпаратты кредиторларға жібереді.
Кредиторлар қарыздар бойынша мәліметтерді тексереді және берешек мөлшерін растайды. Осыдан кейін платформада қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар жіберіледі: омбудсманның шешімі бар хаттама, қарызды өтеудің бірыңғай кестесі, медиатормен шарт, сондай-ақ әрбір кредитормен медиативтік келісімдер.
Қарыз алушы ұсынылған шарттармен танысып, платформада 72 сағат ішінде құжаттарға қол қоюға тиіс. Егер осы мерзімде құжаттарға қол қойылмаса, бұл реттеу рәсіміне қатысудан бас тарту болып саналады.
Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар реттеу рәсіміне енгізілген кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуды тоқтата тұрады.
Бұдан кейін қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша төлемдерді енгізеді, ал платформа ақшаны берешек мөлшеріне теңбе-тең кредиторлар арасында бөледі.
Ұжымдық реттеу рәсімін қолдану және оның аяқталуы туралы ақпаратты кредиторлар кредиттік бюроларға жіберетін болады.
Егер қарыз алушы қол қойылған келісімдердің шарттарын орындамайтын болса, кредитор төлемдердің 40 күн мерзімі өткеннен кейін заңдарда белгіленген тәртіппен берешекті өндіріп алуға құқылы.
Қарыз алушының берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қайтадан қатысуына жол берілмейді.
Кредиттер бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ қарыз алушылар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш беру туралы мәселені қарауға құқылы.
Жеке тұлғаның соттан тыс банкроттығына өтініш беру тәртібімен egov.kz электрондық үкімет порталында танысуға болады: https://egov.kz/cms/ru/services/economics/pass_P1_mf
Берешекті өтеудің бірыңғай кестесі қалай қалыптастырылатын болады?
Бірыңғай кесте қарыз алушының берешегінің жалпы сомасын ескере отырып қалыптастырылатын болады.
| Қарыз алушы санаты | Жиынтық берешек | Макс. ай. төлем | Мерзімі |
|---|---|---|---|
| Жалпы шарттар | 1 млн теңгеге дейін | 84 000 теңге | 12 ай |
| 5-тен 7 млн теңгеге дейін | 117 000 теңге | 60 ай | |
| Әлеуметтік осал топтар / АӘК алушылар | 1 млн теңгеге дейін | 56 000 теңге | 18 ай |
| 5-тен 7 млн теңгеге дейін | 84 000 теңге | 84 ай |
Кеңес алу үшін телефон нөмірі: +7 (747) 822 14 73
✉️ collection@gmoney.kz / info@gmoney.kz